НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысындағы әскери қоймаға әдейі өрт қойылуы мүмкін. Бұл туралы қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз алдын ала болжам бойынша кез келген себепті жоққа шығара алмаймыз. Қауіпсіздік талаптары бұзылуы мүмкін. Химиялық реакция мен өзінен-өзі тұтану да бар. Сондай-ақ әдейі өрт қою немесе диверсияны да жоққа шығармаймыз", - деді Ермекбаев арнайы брифингте.
Оның айтуынша, қазіргі кезде шұғыл тергеу тобы құрылып, жарылыстың себебін анықтауға кірісіп кетті.
Әскери қоймадағы жарылыс
26 тамызда кешкі сағат 19:00 шамасында Байзақ ауданындағы әскери бөлімге қарасты қоймалардың бірінен өрт шығып, ондаған жарылыс болды. Өртті сөндіруге әскери бөлімнің жеке құрамы мен төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен қатар әскери бөлімнің шынжырлы өрт сөндіру машиналары тартылды.
Министр Ермекбаевтың айтуынша, өрт сөндіру кезінде төрт әскери қайтыс болды. Ведомство үшеуінің аты-жөнін жариялады. Олар: сержант Марат Мешінбай, ефрейтор Руслан Жанболатов, әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев мен әскери прокурор Арман Капезов.
Облыстық әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілген. 27 тамыз сағат 10.00 жағдай бойынша 28 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Соның ішінде 6 адам орташа ауыр халде жатыр. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Қауіпсіздік мақсатында жолдар жабылып, темір жол қозғалысы тоқтатылды.
Оқи отырыңыз: Таразда жарақат алғандардың туыстары түннен бері аурухана алдында жүр - фото