Оқиға

Жамбыл облысындағы жарылыс: 1200 адам мектепке көшірілді

Полицейлер тұрғындардың мүлкін тонап кетпеу үшін эвакуацияланған елді мекендерді күзетіп жүр
Sputnik

НҰР -СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Қазіргі уақытта Байзақ ауданының Қайнар, Ботамойнақ, Жібек Жолы ауылдары мен Үшбұлақ стансасының тұрғындары –  шамамен 1200 адам Тараз қаласындағы мектептерге эвакуацияланды, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Еріктілер оларға су тасып жатыр.

Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша тұрғындарды эвакуациялауға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге Жамбыл облысы полиция департаментінің 300 полиция қызметкері мен 47 автокөлік экипажы, сондай-ақ Ұлттық ұланның 520 әскери қызметкері жұмылдырылды.  

Оқиға болған жерге апаратын жолдар, оның ішінде автокөлік жолдары мен "Тараз-Алматы" теміржолы уақытша жабылды.

Жамбыл облысындағы әскери қоймада өрт шығу фактісі бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 462-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.  

Қоғамдық тәртіпті күзету және тонауға жол бермеу мақсатында эвакуацияланған елді мекендерді қоршап, патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылды.

Ішкі істер министрлігі сондай-ақ тексерілмеген немесе жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын ескертті.