Өңірлер

Теміртауда ковидтен қайтыс болған ер адам вакцинаның екінші дозасын өлген соң "алған"

59 жастағы Теміртау тұрғыны қайтыс болған күннің ертеңінде базада ер адамның вакцинаның екінші компонентін алғаны туралы белгі пайда болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 тамыз – Sputnik. Қарағанды облысында коронавирустан қайтыс болған ер адам вакцинаның екінші дозасын өлген соң "алған", деп хабарлады Polisia.kz.

Жалған вакцина паспорты мен ПТР-анықтама сатқан 20 медицина қызметкері ұсталды
Облыстық полиция департаменті медицина қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 38-бабы "Ресми құжаттарды қолдан жасау және сату" бойынша қозғалған қылмыстық істі тіркеп, тергеуді бастады.

Бұл деректі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды ​​облысындағы департаменті COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған адамдар арасындағы өлім-жітімді тексеру кезінде анықтады.

"59 жастағы Теміртау тұрғыны жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылғанға дейін вакцинаның бірінші компонентін салдырғаны туралы белгі болған. Бес күннен кейін бұл азамат COVID-19-дан қайтыс болды. Алайда ол қайтыс болған күннің ертеңінде базада ер адамның вакцинаның екінші компонентін алғаны туралы белгі пайда болды. Әрине, осыдан кейін оның бірінші вакцинаны алғаны күдік тудырды", - деп түсіндірді полиция департаменті тергеу бөлімінің бастығы Алмаз Саламатов.

Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тиісті органдарға сұрау жіберілді. Тергеу барысын облыстық полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.