Оқиға

Рудныйда балалар үйінің тәрбиеленушісін 2 жыл бойы зорлаған күдікті ұсталды

Қостанай облысы полиция департаменті тергеу басқармасының өндірісінде балалар үйінің тәрбиеленушісін зорлау бойынша қылмыстық іс жүріп жатқанын айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 26 тамыз – Sputnik. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Рудныйда балалар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісі екі жыл бойы зорланғанын жазды.

Ол ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан Рудныйдағы балалар үйінің қызметкері кәмелетке толмаған тәрбиеленушіні зорлағаны үшін қамауға алынғаны туралы ақпаратты растауын не жоққа шығаруын сұрады.

"Бізге жасөспірім қыздың екі жыл бойы зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Қазір ол зорлаған адамның ДНҚ-сын жинап, зорлау фактісін дәлелдеген. Сонымен қатар сол қызметкерден тағы бір қыздың зардап шеккені белгілі болды. Алайда ол зорлық көрсетуші жазаланбайды деп қорқып отыр. Сондықтан ештеңе айтқысы келмейді", - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.

Таңсәрінің сөзінше, күдікті бұрынғы полиция қызметкері болуы мүмкін.

Қостанай облысы полиция департаменті тергеу басқармасының өндірісінде балалар үйінің тәрбиеленушісін зорлау бойынша қылмыстық іс жүріп жатқанын айтты.

1978 жылы туған ер адам қамауға алынды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Алайда құқық қорғаушылар күдіктінің бұрынғы полиция қызметкері екенін растап не жоққа шығармады.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жарияланбайды.