Қоғам

Нұр-Сұлтанда жұмысшы ақша салынған сейфті пәтер терезесінен лақтырып жіберді

Пәтер иесі ер адамды жөндеу жұмыстары үшін жалдаған. Жұмысшы бұрын ұрлық үшін сотталған болып шықты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Елордада пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге келген жұмысшы ақша салынған сейфті ашпақ болды. Тәртіп сақшылары ер адамды ұстады.

Тергеу барысында пәтер иесі 25 жастағы жігітті жөндеу жұмыстары үшін жалдағаны анықталды.

"Белгілі бір уақыт жұмыс істегеннен кейін, жас жігіт балконда сейф тұрғанын байқайды. Оны түрлі құрал-сайманмен ашуға тырысады, алайда қолынан келмейді. Ол сейфте қомақты ақша болуы мүмкін деп ойлаған. Сөйтіп есігі ашылар деген үмітпен жетінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Содан кейін өзі үйден асығыс шығып кеткен", - деп хабарлады оқиғаның мән-жайын полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Нұр-Сұлтанда жұмысшы ақша салынған сейфті пәтер терезесінен лақтырып жіберді

Жүгіріп барып қараса, сейф сол күйі ашылмапты. Осыдан кейін ол оқиға орнынан ізін жасырған.

Болған оқиға жайлы полицияға куәгерлер хабар берді.

Сейфте құжаттар мен 4 500 АҚШ долларына жуық ақша жатқан.

Қазіргі таңда ер адам ұсталды. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, заттай айғақтар тәркіленді. Күдіктінің елорда аумағында бұған дейін жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Ұсталған жігіт бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталғаны анықталды.