Өңірлер

Алматыда тұмауға қарсы екпе салу қашан басталады

25 маусымынан бастап Алматыда коронавирустың төртінші кезеңі басталды. Қазір қалада тәулігіне шамамен 1500-1600 адамнан коронавирус анықталып жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 тамыз – Sputnik. Алматылықтар үшін тұмауға қарсы 180 мың доза вакцина сатып алынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, вакцинация эпидемиологиялық кезеңде тұмауға қарсы иммунитет қалыптастырады.

"Вакцина әлі жеткізілген жоқ. Қазір қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұмауға қарсы вакцинаның 180 мың дозасын сатып алуға өтінім берді. Тұмауға қарсы вакцинация 1 қазанда басталады. Бірінші кезекте вакцинаны тәуекел тобындағы адамдар салдырады. Олар: медицина қызметкерлері, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын азаматтар, созылмалы аурулары бар балалар", - деп түсіндірді Жандарбек Бекшин.

Ол үшін ресейлік Grippol+ вакцинасы сатып алынады. 

Айта кетері, 2021 жылдың 25 маусымынан бастап Алматыда коронавирустың төртінші кезеңі басталды. Қазір қалада тәулігіне шамамен 1500-1600 адамнан коронавирус анықталып жатыр.