Өңірлер

Алматыда Rixos қонақүйінің бас директорына айыппұл салынды

Бастапқыда Бекшиннің орынбасары қонақүй басшылығының адамдардың жиналуына еш қатысы жоқ екенін, сол себепті олар айыппұл арқаламайтынын мәлімдеген еді
Sputnik

АЛМАТЫ, 25 тамыз – Sputnik. Алматыда Rixos қонақүйінің бас директорына айыппұл салынды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.

Тамыздың басында еврей қауымы карантин кезінде Rixos Almaty қонақүйінің алдында топ болып фотосессия ұйымдастырды. Ұйымдастырушыларға 90 мың теңге айыппұл салынды. Алайда біраз уақытқа дейін қонақүй басшылығына шара қолданылмаған еді.

"Қонақүйдің бас директоры еңбек демалысында болды, сондықтан оған қатысты хаттама толтырылмады. Осы аптада демалыстан оралғаннан кейін хаттама жазылды", - деді Бекшин.

Оның сөзінше, Rixos қонақүйінің бас директорына 230 АЕК (670 мың теңге) айыппұл салынды.

Бастапқыда Бекшиннің орынбасары Әсел Қалықова қонақүй басшылығының адамдардың жиналуына еш қатысы жоқ екенін, сол себепті олар айыппұл арқаламайтынын мәлімдеген еді. Айтуынша, Rixos қонақүйі шектеу шараларын бұзбаған. Себебі жиналғандар ғимарат ішіне кірмеген, тек сыртында суретке түскен. Қонақүй басшылығы бұл шарадан хабары болмағанын жеткізген.

Содан кейін "Алматы" телеарнасындағы "Акимат Live" бағдарламасының эфирінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев еврей қауымы жиналған Rixos қонақүйіне әлі күнге дейін айыппұл салынбағаны үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшинге шүйлікті. Қала басшысы бұл мәселені жақын арада шешуді тапсырды.