НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Түркістан облысында есірткі сатқан мұғалім 10 жылға сотталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінен аудан тұрғыны есірткінің ірі көлемін заңсыз сақтап, өткізумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түскен.
Жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде оның асханасындағы шкафтың үстінен 10 дана бөлек пакеттерге салынған хош иісті, жасыл түсті, есірткіге ұқсас затты тауып, тәркілеп алды. Сонымен қатар асхана шатырының үстінен ақ қапқа салынған есірткі затына ұқсас жасыл түсті зат тапқан.
Сараптама қорытындысы бойынша күдіктіден алынған заттар жалпы салмағы 3 келіден астам "кептірілген марихуана" болып шықты. Тергеу барысында күдікті есірткі заттарын сату үшін пакеттерге бөліп салғанын мойындады. Күдікті қамауға алынды.
"Күдіктіден барлық айғақ зат тәркіленді. Жинақталған іс-құжаттары айыптау актісімен аудандық сотқа жолданды. Сот үкімімен 47 жастағы күдікті Қазақстан Қылмыстық кодексінің 297-бабымен кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – деп атап өтті тергеуші Асқар Шубай.