НҰР -СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды өзі тұрып жатқан елдің соты қамауға алуға сырттай рұқсат берді. Енді ол ұсталған жағдайда Қазақстанға экстрадицияланады, деп хабарлады КТК.
Жемқорлықпен күрес агенттігінің хабарлауынша, қазір оны сол елдің құқық қорғау органдары іздестіріп жатыр. Қай ел екені тергеушілер білгенімен, көпшілікке ашып айтуға асықпай отыр.
Есесіне "Астана ЛРТ-ның" ақшасын жеген негізгі күдікті қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтың АҚШ-та тұрып жатқаны анықталды. Қазіргі уақытта Бас прокуратура оны елге экстрадициялау мәселесімен айналысуда.
Бұған дейін Сұлтанбеков бастаған қылмыстық топ бюджетке 5 миллиард 800 миллион теңгеден астам шығын келтірді деп айыпталып, Ардан мен Сұлтанбековтың 9 сыбайласы 7 мен 10 жыл аралығында түрмеге қамалған болатын.