Өңірлер

Атырау тұрғыны баласының көзінше әйеліне пышақ сұқты

Басбұзар талай рет үйде жанжал шығарған. Осы жылдың өзінде екі рет құқық қорғаушылардың көзіне түскен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Атырауда әйеліне пышақ сұққан ер адам қамауға алынды, деп хабарлады ATPress сайты.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жексенбі күні сол жақ кеуде тұсына пышақ сұғылған 30 жастағы әйел ауруханаға түскен.  

"Рентгенографиядан кейін "оң жақ шеткі пневмоторакс" деген диагноз қойылды. Таңертең тағы бір рентгенография жасалды. Операция жасаудың қажеті болмады. Қазіргі кезде оның жағдайы тұрақты, хиругия бөлімінде дәрігерлердің бақылауында жатыр", - деді денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Белгілі болғандай, үйдегі жанжал кезінде күйеуі пышақ ала жүгірген. Кішкентай баласы бәрін көрген. Полиция басбұзарды ұстап, қамауға алды. Бұған дейін күдікті бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Бірақ ерлі-зайыпты татуласып отырған.

"Мысалы, 12 сәуірде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы, 1-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша хаттама рәсімделді. Іс әкімшілік сотта қаралды. Алайда ерлі-зайыпты татуласып кетті. Содан іс жабылды", - дейді полицейлер.

Алайда шілденің соңында ер адамның үстінен тағы арыз түскен. Сол кезде Қылмыстық кодекстің 115-бабы (Қорқыту) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары атқарылған. Ал жанжалқой еркек үш тәулікке қамауға алынды.