Қоғам

Алматы маңындағы апат: қаза тапқан ұшқыштың отбасына 4 млн теңге төленеді

Қаражат үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен бөлінеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз – Sputnik. Алматыда Bek Air ұшағының апатынан кейін қаза болған ұшқыш Миржан Молдақұловтың отбасына төрт миллион теңге беріледі.

Еңбек министрлігі әзірлеген үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды.

"2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы облысының Талғар ауданында болған әуе апатынан қаза тапқан ұшқыш Миржан Молдақұловтың жұбайына қаржылай көмек көрсетуге үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен 4 миллион теңге сомасында қаражат бөлінсін", - делінген құжатта.

Алматыдағы ұшақ апаты

Қайғылы оқиға 2019 жылы 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам, соның ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев қаза тапты. Екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын. Оған ота жасалып, 2020 жылдың 21 қаңтарында ауруханадан шығарылды. Алайда бір аптадан кейін ер адам өз үйінде көз жұмды.