Әлем

Airbnb қызметі 20 мың ауғанстандық босқынға тегін баспана ұсынады

Компания Ауғанстаннан келген босқындарды баспанамен қамтуға қаражат бөледі. Бұл қызмет пәтер иелерін де қайырымдылық танытуға шақырып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 тамыз - Sputnik. Баспананы қысқа мерзімге жалға беретін халықаралық Airbnb онлайн қызметінің атқарушы директоры Брайан Чески компания 20 мың ауғанстандық босқынға тегін баспана ұсынылатынын айтты, деп хабарлайды РИА Новости.

"Бүгіннен бастап (сейсенбі) Airbnb әлем бойынша 20 мың ауғанстандық босқынды тегін қабылдай бастайды. Біз пәтерде тұру құнын төлейміз. Алайда бұл платформада тіркелген пәтер иелері көмегінсіз мүмкін болмас еді", - деп жазды Чески Twitter-де.

Ол компания бұл мәселе бойынша үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатқанын жеткізді. Сервис директорының айтуынша, пәтерін босқындарға уақытша ұсынғысы келетіндер компанияға хабарласа алады.

Airbnb сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бұған дейін сервисте төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмектесетін арнайы бағдарлама болған. Ол тек табиғи апат пен коронавирус пандемиясы кезінде қиын жағдайға тап болғандарға көрсетілді.

Еске салар болсақ, 16 тамызда Ауғанстандағы билікке Талибан* ие болды. Тұрғындар елден қашу үшін эвакуациялық рейстерге лап қойды.

*Талибан – Қазақстанда және басқа бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым.