Өңірлер

Қарағанды облысы тұрғынының атынан екі рет заңсыз кредит рәсімделді

Жеке мәліметін енгізген ер адам қаржы ұйымының қызметкерлері хабарласқанда ғана мойнында кредит бар екенін білген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Қарағанды облысында бір адамның атынан қатарынан екі бірдей заңсыз кредит рәсімделді. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, 17 тамызда Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына 52 жастағы ер адам шағымданды. Қарыздың жалпы сомасы – 170 мың теңге. Ер адам ауылдағы жас жігіттен күдіктеніп жүргенін де айтты. 

"22 жастағы ауылдасы ол кісіден 30 мың теңге қарызға алған. Біршама уақыттан кейін тағы келіп, ақша сұрады. Сол кезде ер адам оған онлайн-кредит алуға кеңес берген. Ал жас жігіт қалай алатынын білмеймін деді. Ер адам ұялы телефонын алып, онлайн-кредитті қалай алу керек екенін көрсеткен. Бірақ өзінің жеке мәліметін енгізіп, өшіруді ұмытып кетті", - дейді полицейлер. 

Жігіт ауылдасының ұмытшақ екенін білген. Үйіне барғасын 70 мың теңгеге онлайн-кредит алыпты. Жеңіл ақшаға қызығып кеткені сонша, біршама уақыттан кейін тағы ұялы телефон арқылы кредитке ақша рәсімдеп алды. Ал жеке мәліметтерін енгізген ер адам қаржы ұйымының қызметкерлері хабарласқанда ғана мойнында кредит бар екенін білген.   

Полицейлер күдіктіні ұстады. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 192-бабы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Осы қылмыс үшін адамның мүлкі тәркіленіп, 1 000 АЕК-ке (2 917 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмысына тарту қарастырылған.

600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы да мүмкін.