НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында вакцина паспорттарын заңсыз дайындаумен және сатумен айналысқан бір топ адам ұсталды.
Олардың екеуі – Өскемендегі емханалардың бірінде істейтін дәрігер, қалған үшеуі – делдал, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жалған вакцина паспортын алу үшін адамдар делдалдарға 20 мың теңге мен жеке куәлігінің көшірмесін берген. Делдалдардың әрқайсысы өзіне 2-3 мың теңгені қалдырып, қалған ақшаны дәрігерлерге беріп отырған.
Қазір тергеу бұл схема қай уақыттан бері жұмыс істеп жатқанын және қанша адам жалған вакцина паспортын алғанын анықтап жатыр.
"Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеу аясында медицина қызметкерлері мен оларға көмектескен азаматтардың іс-әрекетіне тиісті процессуалды баға беріледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, вакцина паспортын заңсыз жолмен алған барлық адам анықталып, олардан жауап алынып жатыр", – деді ШҚО полиция департаментінің бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша медициналық базаға енгізілген барлық жалған мәлімет жарамсыз деп танылатынын атап өтті.