АЛМАТЫ, 23 тамыз – Sputnik. Талибан* 31 тамызға дейін АҚШ пен Ұлыбритания әскері Ауғанстаннан шығуы қажет екенін айтты. Бұл туралы Sky News телеарнасына берген сұхбатында қозғалыс өкілі Сухейл Шахин мәлімдеді.
Оның айтуынша, тәлібтер АҚШ пен Ұлыбританияға эвакуация үшін қосымша уақыт бермейді. Егер аталған елдер жаз соңына дейін әскерін елден шығармаса, салдары болуы мүмкін.
"Бұл қызыл шекара. Президент Байден 31 тамызда барлық қарулы күшті шығаратынын мәлімдеді. Сол себепті олар уақытты ұзартса, бұл оккупацияны кеңейтіп жатыр дегенді білдіреді. Ол біздің арамызда сенімсіздік тудырады. Егер олар жаулап алуды жалғастыратын болса, біздің тараптан қарсы әрекет болады", - деді Шахин.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон АҚШ президенті Джо Байденнен Ауғанстандағы америкалық әскерді шығару мерзімін ұзартуды сұрауға ниетті болған.
Ауғанстандағы жағдай Талибан* қозғалысының өкілдері билікке келгеннен кейін шиеленісе түсті. Шетелдік қызметкерлер мен миссияларда жұмыс істейтін ауғанстандықтарды эвакуациялау Кабулдағы жалғыз әуежай арқылы жүзеге асырылады. Ол жер АҚШ пен НАТО елдері әскери күшінің бақылауына алынған.
Талибан* – Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым.