Экономика

Мемлекет басшысы кімдердің жалақысы 30%-ке өсетінін айтты

Жоғарғы Бас қолбасшы құқық қорғау органдары саласындағы штаттық қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз — Sputnik. Алдағы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақысы орта есеппен 30 процентке өседі. 

"Осы мақсатқа 100 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ұлттық ұлан сарбаздарының айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 процентке, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 процентке жуық артады", - деді президент "Қайсар-2021" оқу-жаттығуында.

2024 жылдың соңына дейін арнайы күштерде қызмет ететіндер мен келісімшарт бойынша қызмет артқарып жүргендердің бәрі офицер шенін алады. Президент тұрғын үйге қомақты қаражат жұмсалып жатқанын атап өтті.

"Қазіргі кезде 24 мың полиция қызметкері мен 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзететін қызметкерлерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі болып қала береді", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысына барған болатын.