Білім

"Барлығы ПТР-тест тапсырады": вице-министр мектептегі талаптар туралы айтты

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде бас мемлекеттік санитар дәрігердің тағы бір қаулысы әзірленіп жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жаңа оқу жылында мектепте енгізілетін санитарлық талаптар туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазіргі кезде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп жүр. Біріншіден, балалар арақашықтығын сақтауға арналған белгілер болуы керек. Санитайзерлердің тұруы шарт. Ал мектепке кіргенде балалардың дене қызуы өлшенеді. Қазіргі кезде 354 мектеп дайын емес болып шықты. Тексерістер 25 тамызға дейін жалғасады", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде бас мемлекеттік санитар дәрігердің тағы бір қаулысы әзірленіп жатыр. Осы құжатта мектептегі санитарлық талаптар көрсетіледі.

"Мәселен, егер сыныпта бір бала коронавирустық инфекциямен ауырып қалса, барлық сынып 14 күнге карантинге кетеді. Ол адамдар байланыста болғандықтан барлығы ПТР-тест тапсырады", - деп атап өтті Ғиният.

Жаңа қаулыда мектепті толығымен карантинге жіберу шарттары, сондай-ақ бір сыныпта отыратын балалардың саны және сабақтардың ұзақтығы да жазылады.

Кіреберісте Ashyq қосымшасы тұрады. Мектепке балалар мен ұстаздардан басқа ешкімді кіргізбейді.

Айта кетері, биыл жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде басталады. Үкімет мектептерді ашудың негізгі шартын да жариялаған. Ол – барлық мұғалімді вакциналау.

Премьер-министр Асқар Мамин осы жұмысты 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: "Қарашада мектептерді улайды": комитет желіде тараған ақпаратқа жауап берді