НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз — Sputnik. Соңғы кездері БАҚ пен әлеуметтік желілерде арандатушылық және жалған материалдарды тарату жағдайлары жиілеп кетті, деп жазады бас прокуратура сайтында.
Мұндай ақпараттық хабарлар вакциналау мен босқындардың келуінен бастап, тіл мәселесіне дейінгі түрлі тақырыпты қамтиды.
"Жалған жарияланымдар болып жатқан оқиғаларды бұрмалайды, халықты жаңылыстырады. Мысалы, жекелеген адамдар дәрігер мен ғалымдардың құзыретті пікірін елемей, COVID-19-ға қарсы вакциналардың қауіптілігі мен тиімсіздігі туралы негізсіз жариялайды", - делінген ақпаратта.
Кейбіреулер азамат құқығы мен бостандығына, шығу тегіне, ұлтына және тіліне байланысты кемсітушілікке ашық түрде қол сұғады.
"Бұл құқықтарды бұзу және шектеу, көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық кодекстің 145, 174, 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады", - деп жазылған.
Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған хабарламаларға ден қоймауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады.