Елорда тынысы

Елордада Жұмабек Тәшеновке ескерткіш ашылды

Мүсін қоладан, тұғыры граниттен құйылды, ескерткіштің жалпы биіктігі – 8,2 метр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әскери-тарихи музей жанындағы алаңда мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіш ашылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

"Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан Жұмабек Тәшеновке ескерткіш ашып отырмыз. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Енді міне кезек ескерткішке келіп отыр. Ағамыздың мүсіні комиссия мүшелерінің, зиялы қауым өкілдерінің, ұрпақтарының келісімімен құйылды", - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Сондай-ақ ескерткіштің тұрған орны да мүдделі тараптардың келісімімен таңдалған.   

Ал ұрпақтарынан ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы сөз сөйлеп, Елбасына, мемлекет басшысына алғысын білдірді.

"Жұрт менен әкеңнің атын неліктен насихаттамайсың, елге сіңірген еңбегін не үшін айтпайсың деп сұрап жатады. Ал менің ойымша елге сыйлы азаматтың еңбегін халқы өзі бағалауға тиіс. Бүгінгі ашылып отырған ескерткіш халықтың әкеме деген сый-құрметі деп білемін", - деді Саян Жұмабекұлы.

Жұмабек Тәшенов ескерткішінің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсінші – Е.Ержанов. Мүсін қоладан, тұғыры граниттен құйылды, ескерткіштің жалпы биіктігі – 8,2 метр.