Саясат

Талибан* Кабулдағы Қазақстан елшілігіне қауіпсіздікті уәде етті

Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Талибан* өкілдерін елшілік аумағында қарсы алып, дипломатиялық ведомство қызметкерлеріне қатысты қолсұқпаушылық туралы уәде алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз — Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Кабулды басып алу кезінде Қазақстанның Ауғанстандағы елшісінің Талибан* қозғалысы өкілдерімен кездесуі туралы айтып берді.

Олар қызметкерлердің қауіпсіздігіне кепілдік беріп, дипломатиялық өкілдікті күзетке алды.

"Тәлібтер Кабулды басып алғаннан кейін Қазақстан елшілігіне келді. Елші сыртқа шықты. Олар бұл қандай елшілік екеніне қызығушылық танытты. Елші бұл Қазақстан Республикасының елшілігі екенін түсіндірді. Тәлібтердің өкілі ведомство қызметкерлерінің үрейленуіне еш себеп жоқ екенін айтып, жұмысты қалыпты режимде жалғастыруды сұрады. Нысан күзетке алынғанын ескертті", - деп хабарлады Ақан Рахметуллин.

Ол бұл Ауғанстанның жаңа билігімен болған жалғыз байланыс екенін айтты. Рахметуллин Қазақстанның ресми билігі Талибанды* мойындауы туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді. Ол Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

Министр орынбасары қазіргі уақытта саяси және басқа деңгейде де Қазақстан тәлібтермен байланыс орнатпағанын айтты.

Талибан* - Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған, Ауғанстандағы билікті тартып алған экстремистік діни қозғалыс