НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз – Sputnik. Нұр-Сұлтанда тағы бір құрылыс нысанын бұзу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Құрылысы бітпей қалған ғимарат Сарайшық көшесінің бойында тұр. Ту сыртында сыртқы істер министрлігі орналасқан. Sputnik Қазақстан видеографы құрылыс нысанын бұзу жұмыстарын түсіріп алды.
"Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұсынған ақпаратқа сәйкес, биыл сәуірдің соңында құрылыс нысаны тұрған жер учаскесі "VYOL" ЖШС-іне берілді. Ал тамыздың басында компания бұзу жұмыстарына рұқсат алған.
"2021 жылы 18 тамызда "VYOL" ЖШС "Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы" мемлекеттік мекемесіне құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама жіберді", - дейді корпорация мамандары.
Басында ол жерде халықаралық ұйымдар орталығы салынады деп жоспарланған. Енді жаңа инвестор – "VYOL" компаниясы көпфункционалды кешен құрылысын бастауды көздеп отыр.
Айта кетері, сыртқы істер министрлігінің артындағы құрылыс нысандары EXPO-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында салына бастаған. Бертін келе біреуі қара шынымен қапталды. Екіншісін бұзуға шешім қабылданды.