Оқиға

Зарядта тұрған телефоннан өрт шықты: павлодарлық бойжеткен зардап шекті

Тоққа қосылып тұрған ұялы телефон төсекте жатқан. Ол өртенгенде матрас тұтанып, бүкіл бөлмеге тарап кетті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Павлодар қаласында зарядта тұрған ұялы телефоннан өрт шықты. Үй иесінің қызы қатты күйіп қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, оқиға бүгін сағат 10:20-да Нұркин көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйде болған. Екінші қабаттың жатын бөлмесінде жиһаз бен үй заттары өртенді. Тілсіз жау 20 шаршы метрді шарпыған.

Зарядта тұрған телефоннан өрт шықты: павлодарлық бойжеткен зардап шекті

Мамандар өрттің себебін анықтады. Алдымен төсекте жатқан ұялы телефон тұтанған. Ол құрылғы тоққа қосылып тұрған. Содан кейін матрас жанып, артынша өрт басқа заттарға тарап кетті.

"Біз өртті сағат 11:00-де сөндірдік. Үй иесінің қызы – 2002 жылы туған бойжеткен ауруханаға жеткізілді. Денесінің 30 процентін күйік шалды. Жағдайы орташа. Оның бөлмесі толықтай өртеніп кетті", - дейді құтқарушылар.

Айта кетері, тура сондай жағдай бес жыл бұрын Ақтөбеде болған. Тоққа қосылып тұрған ұялы телефон жарылып, өрт шыққан. Бір қыздың денесінің 60 процентін күйік шалды. Телефон жарылғанда ол ұйықтап жатқан.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде үш бала ГАЗель көлігін өртеп жіберді