Саясат

Тоқаев Ресей премьер-министрімен кездесті

Қазақстан президенті екі ел арасында болашақта экономикалық байланыстарды арттырудың әлеуеті зор екенін айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей үкімет басшыларының өткізген келіссөздерінің қорытындысын жоғары бағалады. Сондай-ақ екі мемлекеттің сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамығанын айтты.

"Ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретін маңызды келісімдерге қол қоюға дайындық жүріп жатыр. Пандемияға байланысты туындап отырған барлық қиындыққа қарамастан, екі ел арасындағы сауда өткен 5 айдың ішінде 26%-ке артты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті болашақта экономикалық байланыстарды арттырудың әлеуеті зор екеніне назар аударды.

"Қазір екі ел үкіметі көлік жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да аса маңызды салада ірі жобаларды жүзеге асыруға күш жұмылдырып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек. Сіздің осы жұмысқа деген құлшынысыңызды құптаймын және табысты болатынына сенімдімін", – деді мемлекет басшысы. 

Ресей премьер-министрі Михаил Мушистин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлығы үшін алғыс білдіріп, президент Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

"Біз бауырлас Қазақстанмен арадағы достық, әріптестік және одақтастық қатынастарымызды жоғары бағалаймыз. Үкіметтеріміз арасындағы байланыстардың мазмұны терең. Бірлесіп жұмыс жасауға зор мүмкіндік бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз жақсы дамып келеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өзара тауар айналымы үш есе артты. Жылдың соңына дейін сауда айналымынан өте жоғары көрсеткіш күтеміз және оған барлық мүмкіндік бар", – деді Мишустин.

Ол сондай-ақ инвестициялық бағытта да өзара табысты жұмыс жүріп жатқанын айтты.

Әңгіме барысында Қазақстан мен Ресейдің пандемияға қарсы күрес және бірлесіп вакцина шығару сияқты өзара іс-қимылдағы басым бағыттары талқыланды. Қос тарап аймақтар арасындағы байланыстың оң қарқыны туралы да пікір алмасты. 

Бұл қатынастарға осы күзде Көкшетау қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін кезекті аймақаралық ынтымақтастық форумы тың серпін береді.