Әлем

Президент сендерді сатып кетті деген сөзге сенбеңіз – Ашраф Гани үндеу жасады

Ашраф Гани Ауғанстаннан ақша әкетті деген айыптауды теріске шығарып, жақын арада елге оралуға уәде берді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Елден қашып кеткен Ауғанстан президенті Ашраф Гани отандастарына видеоүндеу жазып, мән-жайды түсіндірді, деп хабарлады РИА Новости.

Еске сала кетейік, Ауғанстанның экс-президенті отбасымен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр.

Ашраф Гани қан төгілмеу үшін елден кеткенін тағы да мәлімдеді.

"Кабул күйреген күні не болғанын кейінірек толығырақ айтып беремін... Мен Ауғанстаннан кетуге мәжбүр болдым, себебі Кабулда қан төгілуіне себепкер болғым келмеді", - деді Гани өзінің Facebook парақшасында жариялаған видео үндеуінде.

Саясаткер Талибан* қозғалысының өкілдері Кабулға кірмейміз деп уәде бергенін, бірақ президент сарайын алдын ала қоршап алғанын атап өтті.

"Кабулдан ақшамен кетті деген айыптаулар шындыққа жанаспайды", - деген Гани елге жақын арада оралатынын жеткізді.

"Егер біреу сізге: "Президент сендерді өзінің қаржылық мүддесі үшін сатып жіберіп, жанын құтқару үшін қашып кетті" десе, сенбеңіз", - деп мәлімдеді Гани.

"Қауіпсіздік күштері астыртын әрекет жасалып жатқанын хабарлады... Өткен жексенбіде мен әдеттегідей кеңсемде жұмыс істедім. Түсте Кабулдағы жағдайды бағамдау үшін қорғаныс министрлігіне бардым. Кенет оққағарларым келіп, қастандықтың алдын алу үшін мені алып кетті", - деді ол.

*Талибан – Ауғанстандағы билікті басып алған діни экстремистік ұйым. Оған Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған.