Қоғам

Екінші отандық вакцина алғашқы клиникалық сынақтан сәтті өтті

Институт ғалымдары қолданыстағы QazVac вакцинасымен қатар екінші Qaz Covac P екпесін жасап шығарды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкария екінші қазақстандық вакцинаның жайы туралы айтты.

"Институт ғалымдары қолданыстағы QazVac вакцинасымен қатар екінші суббірлікті Qaz Covac P вакцинасын жасап шығарды. Екінші отандық вакцина алғашқы клиникалық сынақтан сәтті өтті. Бүгінгі күні екінші клиникалық сынақ жүргізілуде", - деді ол тамыз конференциясы барысында.

Оның айтуынша, қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы өзге де вакциналарды жасап жатыр.

Айта кетері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы қазақстандық екінші вакцинаны үміткер ретінде 2020 жылдың тамызында тіркеді.

Оқи отырыңыз: Жалған құжаты барлар коронавирусқа қарсы вакцина салдыра ала ма

Институт басшысының айтуынша, алғашқы отандық QazVac вакцинасы жақсы нәтижелер көрсетуде.

"Вакцина қазақстандықтардың денсаулығын қорғау мақсатында қолданылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен вакцина Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде жіберілді. Ол жақта вакцина тіркеуден өтіп, медициналық мақсатта қолдануға рұқсат алды. QazVac вакцинасына өзге елдер де қызығушылық танытып отыр. QazVac вакцинасының екі кезеңі нәтижелерінің Lancet беделді халықаралық журналдар тобында жариялануын біздің ғалымдардың үлкен жетістігі деп бағалауға болады", - деді Күнсұлу Зәкария.

Естеріңізге сала кетейік, 18 тамызда қазақстандық QazVac вакцинасы Қырғызстанда тіркелді.