АЛМАТЫ, 19 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында түсірілген видео тарады. Ол жерде психологиялық-неврологиялық ауытқуы бар балаларға арналғаг мектеп-интернатта екі баланы унитаздың тұтқасына байлап тастағаны түсірілген. Nur Otan партиясы балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз етуді бақылауға алды. Бұл туралы мәжіліс депутаты Динара Зәкиева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тапсырмасы бойынша Атыраудағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету партияның ерекше бақылауына алынды", - деді ол.
Айтуынша, партияның облыстық филиалы орталықтың қызметіне қосымша партиялық тексеру жүргізеді.
"Анықталған фактілер және қорытындысы бойынша партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтеді. Партия мүшелері – Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшыларына орталықтың қызметіне тиісті бақылау жасамағаны үшін партиялық жазалау шаралары қолданылады", - деп жазды Динара Зәкиева.
Сонымен қатар отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес пен Nur Otan партиясының "Бақытты отбасы" жобасы негізінде еліміздің батыс өңірлерінде балалар мекемелеріне бару жоспарланған.
Депутаттың айтуынша, ол 2 мың бала тұратын медициналық-әлеуметтік мекемелердегі және жалпы ел бойынша барлық интернаттағы балалардың жағдайын бірнеше рет көтерген. Мәселе балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті орган ретінде білім және ғылым министрлігінің жауапты тұлғалары алдында қозғалды.
"Алайда білім және ғылым министрлігі тарапынан ешқандай жүйелі іс-әрекет болмады. Кеңестің алдағы отырысында осы мәселені талқылаймыз. Жауапсыз адамдардың кесірінен балалар зардап шегіп жатыр", - деді Зәкиева.
Бұған дейін желіде тараған видеоға сәйкес бұл жағдай биыл сәуірде болған. Алайда облыстық әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына шілдеде түскен.
Жергілікті полицияның хабарлауынша, интернаттың екі қызметкеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы ("қинау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.