НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі жыл соңына дейін 20 миллиард долларға жетеді деп болжанып отыр. Бұл туралы Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Қазақстан премьері Асқар Маминмен кездесуінде айтты.
"Бірінші жартыжылдықтағы цифрларға сәйкес, өзара тауар айналымы үштен бір есе өсті. Бұл шамамен 34%, 12 миллиард доллар. Болжам бойынша, жыл соңына дейін ол шамамен 20 миллиард долларға жетуге тиіс", - деп РИА Новости Мишустиннің сөзінен үзінді келтірді.
Ол тау-кен өнеркәсібін, энергетиканы, бейбіт атомды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды сауда көлемін ұлғайтуға жәрдемдесетін келешегі бар бағыттар деп атады.
"Мен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияға нақты ұсыныстар дайындауды тапсыруды ұсынар едім", - деді Мишустин.
Ол сондай -ақ инвестициялық саладағы ынтымақтастықты нығайту жоспарлары туралы айтты.
Ресей Федерациясының премьер-министрі коронавируспен күрес туралы айта келе, ресейлік "Спутник V" вакцинасын бірлесіп өндіру ісі жолға қойылғанын еске салды.
"Жыл басынан бері бес миллион доза вакцина шығарылды. Халықты жаппай иммундау адамдардың денсаулығын қорғауға және біздің елдерде коронавирус инфекциясымен күресуге мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деп толықтырды ол.