Спорт

Чиншанло мен Сонға пәтер кілті табысталды

Спортшылардың бапкерлеріне екі миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат берілді
Sputnik

ТАЛДЫҚОРҒАН, 18 тамыз — Sputnik. Талдықорғанда Токио Олимпиадасының қола жүлдегерлері, ауыр атлет Зульфия Чиншанло мен Игорь Сонға пәтер кілті берілді, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Зульфия Чиншанлоға үш бөлмелі, ал Игорь Сонға екі бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Спортшылардың жаттықтырушылары да марапатталды. Әрқайсысына 2 миллион теңгеден ақша сертификаттары табысталды.

"Біз өз тарапымыздан бізге артылған сенімді ақтауға бар күшімізді саламыз. Алда Азия ойындары. Біз жоғары марапаттарға ие болу үшін белсенді түрде дайындалатын боламыз", - деді Игорь Сон.

Чиншанло мен Сонға пәтер кілті табысталды

Өңір басшысы облыста 13 спорттық-сауықтыру орталығы пайдалануға берілгенін айтты. Алдағы уақытта бесеуі жақында беріледі, олардың біреуі шалғайдағы Балқаш өңірінде.

"Қазірдің өзінде пайдалануға дайын. Бұл ретте біз спорт ғимараттарын, материалдық-техникалық базаны реттеуге ерекше назар аударамыз. Бұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға және жаңа таланттарды анықтауға ықпал етіп, нәтиже беріп жатыр", - деп қорытындылады кездесуді облыс әкімі Амандық Баталов.