Өңірлер

Алматы облысында асырап алынған балаға қорлық көрсеткен жігіт қамауға алынды 

Жергілікті әкімдік пен тәртіп сақшылары асырап алынған балаларды алып кетті. Ал сол үйдің 17 жастағы баласына қатысты қылмыстық іс қозғалды  
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Алматы облысында асырап алған отбасында тәрбиеленіп жатқан кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қорлық көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Алматы облысында асырап алынған балаға қорлық көрсеткен жігіт қамауға алынды 

Әлеуметтік желіде тараған видеода жас жігіттің кішкентай балаға қорлық көрсетіп жатқанын анық көруге болады. Ол алдымен баланы төрт аяқтап тұрғызады да, арқасына кірпіш қояды. Одан кейін жұлқылап, басынан ұрады. Сосын тағы қолына бес бірдей кірпіш береді. 9 жасар бала жылап тұр. Сарқан қаласында тұратын отбасы төрт бірдей баланы асырап алған. Солардың біреуі видеоға түсірілген.  

"Оларды асырап алған, ылғи кемсітіп отырады. Әр күні, аптап ыстықта баланың арқасына 6 кірпіш қалап қояды, сосын аузына құм тығады. Көршілер көмектесуге тырысқан, полиция да шақырды. Бірақ балаларды қорлау әрекеті тыйылмай тұр. Үйдің ішінен балалардың айқайлап жылаған дауысы естіледі", - дейді видеожазбаның авторы.

Ал Сарқан аудандық әкімдігінің мамандары балаларды алып кеткенін хабарлады.  

"Бұл мәселемен арнайы комиссия айналысып жатыр. Балаларды облыстық кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына орналастыруға шешім қабылданды", - дейді әкімнің баспасөз хатшысы Олжас Қайратұлы.

Қазіргі кезде құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде тараған ақпаратты тексеріп жатыр.  

Ресми мәліметке сәйкес, төрт бала 2003, 2007, 2012 және 2014 жылдары туған. Оларды 35 жастағы әйел асырап алған. 2020 жылы маусым айында күйеуімен бірге балаларды өз үйіне  алып кеткен. Ал туған анасы рұқсатын берген. Қазіргі кезде оның қайда жүргені белгісіз. Полицейлер 9 жастағы балаға қорлық көрсеткен жас жігітті де анықтады. Ол ерлі-зайыптының туған баласы болып шықты. Жасы – 17-де. 

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігі бойынша тергеу шаралары басталды.

"Сосын комиссияның шешімі бойынша ерлі-зайыпты балаларды асырап алу құқығынан айырылды. Ал 17 жастағы ұлы қамауға алынды", - дейді полицейлер.  

Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалды. Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев осы істі жеке бақылауына алды.  

Алматы облысында асырап алынған балаға қорлық көрсеткен жігіт қамауға алынды 

Айта кетері, осы қылмыс үшін 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.