НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Ұлттық статистика бюросы халық санағы кезінде қандай сұрақтар қойылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бюро басшысы Нұрболат Айдапкеловтың айтуынша, халық санағына арналған төрт парақша бар. Онда барлығы 91 сұрақ қамтылған. Бірақ сұрақтың бәрі бір адамға қойылады. Қазақстанда тұратын және сырттан келген адамдарға бөлек-бөлек парақша беріледі.
"Мысалы, тұрғын-үй жағдайлары туралы 8 сұрақ бар. Жеке адамдарға ең үлкен парақшада 42 сұрақ жинақталған. Бұдан бөлек, шетелдіктерге қойылатын сұрақтар бар", - деді Айдапкелов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, осы жолы қосымша сұрақтар да енгізіліп отыр. Соның ішінде пандемия және оның тұрмысқа қалай әсер еткеніне арналған сауалдар бар.
"Қазақстанда уақытша тұратын азаматтар туралы сұрақтар қосылды. Көші-қон мәселесі де қамтылып отыр. Мәселен, "Шетелге көшу жоспарыңызда бар ма?" деген сұрақ қосылды. Ол халықаралық ұйымдардың талабы бойынша әлемдегі көші-қон процестерін білу үшін енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту, неке, тілдерді меңгеру, табыс көздері, мүгедектік, діни қөзқарасы туралы сұрақтар бар. Осылайша біз халықтың санын ғана емес, сапалық көрсеткішін де анықтауды көздеп отырмыз", - деп атап өтті Айдапкелов.
Есік ашуға қорықсаңыз, не істеу керек
Халықты аралайтын мамандарға есік ашуға қорқатын адамдар sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн санақтан өте алады. Ол үшін алдымен тіркелу керек. Санақтың барлық парақшасын толтырып шыққаннан кейін ұялы телефон нөміріне "Сіз халық санағынан өттіңіз!" деген SMS-хабарлама келеді. Ал үйге планшет ұстаған адамдар келгенде SMS-хабарламаны көрсете салуға болады.
Айта кетері, 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн санақ өтеді. Ал 1 қазаннан бастап мамандар үйлерді аралап, жаппай сауалнама жүргізеді.
"Мамандар арнайы киіммен жүреді. Сосын әрбіреуінің мойнында мөрі басылған куәлік болады. Ал куәліктің нөмірі арқылы сайттан ондай маманның бар-жоғын тексеріп алуға болады. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ", - деп атап өтті Айдапкелов.
Халық санағына тек вакцина алған мамандар ғана тартылады.