Спорт

"Бұл жағдай маған ауыр тиді": Абылайхан Жүсіпов Токиодағы жеңілісі туралы айтты

Жүсіпов Токио Олимпиадасына еліміздің көк туын желбіретемін деп барғанын, бірақ команданың басым бөлігі сәтсіздікке ұшырағанын атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Абылайхан Жүсіпов Токио Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың алтынсыз қалғанына өкінетінін жеткізді. Спортшының айтуынша, боксшылардың барлығы да Олимпиадаға үлкен дайындықпен барған, деп жазды Olympic.kz.

Қазақстан құрамасы тәуелсіздік жылдарынан бері алғаш рет жазғы Олимпиададан алтын жүлде алмады.

"Бұл жағдай маған ауыр тиді. Өйткені боксшыларымыз әр Олимпиададан алтынсыз қайтпайтын. Токиода бізге мұндай бақыт бұйырмапты. Бәріміз де еліміздің көк туын желбіретеміз деп бардық. Бірақ команданың басым бөлігі сәтсіздікке ұшырады", - деді Жүсіпов.

Боксшының айтуынша, әлеуметтік желі арқылы спортшыларға өкпелеп жатқан жанкүйер көп.

"Бізге тақым қысқан жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтай алмадық. Жеке өзім алтын аламын, жеңіске жетемін деп барған едім. Көпшілігі боксшылардың көзінде от жоқ деп айыптап жатыр. Шамадан тыс жаттығу жасады деп сөгіп жатқандар да бар. Бұл пікірлермен келіспеймін. Өз басым Олимпиадаға нағыз бабымызда бардық деп айта аламын. Бапкерлеріміз де қолдан келгенін аяған жоқ", - деп түйіндеді ол.

Айта кетері, Токио Олимпиадасына 97 қазақстандық спортшы барған. Олардың ішінде 8 адам ғана жүлдеге ілінді. Барлығы қола медальмен елге қайтты. Ал боксшылар екі қоланы қанағат тұтты.