АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. Қазақстандық әзілкеш Тұрсынбек Қабатов мектеп бітірген қызының жалған құжатпен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қабатов өзінің, жары мен мектеп бітірген қызының бұл іске қатысы жоқ екенін, барлығын оқушыларды тестке дайындайтын орталық ұйымдастырғанын жеткізді.
Әзілкеш Нұрбек есімді жігітпен телефон арқылы сөйлескен сәтін видеоға түсіріп, Instagram парақшасында жариялады.
"Кеше орталықтарыңа бардым. Жексенбі болып, жолдарың болды. Кешірім сұрап видео жібере салыпсыңдар. Оған кім сенеді? Нұрбек, неге маған, анасына айтпай, ондай тірлікке бардың? Екінші қыз кім? Оны кім тапты? Сен бе тауып жүрген?", - деп сұрақ қойды Қабатов.
Телефонның екінші жағындағы жігіт "Әдемі (Әдемі Аманғали – Тұрсынбек Қабатовтың қызы) жақсы дайындалып жүрді. Ертең ҰБТ кезінде жақсы балл алып, сіздерді тосыннан қуантайын деген ой болған" деп жауап берді.
Әзілкеш қызының да бұл заңсыз әрекеттен бейхабар болғанын айтты.
"Әдеміге ҰБТ-дан жоғары балл алудың қажеті жоқ екенін білесің ғой. Оның шетелге оқуға түсейін деп жыл басынан бері дайындалып жатқанын білесің. Мен біреудің аузынан жырып, грантын жұлып алғым келіп тұрған жоқ. (...) Қазір мектепке тек көлікпен барып келетін 17 жастағы қыз жалған құжат жасап, орнына басқа қызды кіргізіп жіберіп, өзі ҰБТ-ға қатыспаған деп жатыр. Кешеден бері әлеуметтік желіге де шыға алмай жатырмын. Видео жазатын болсам, маған сенбейді. Өтірік айтып тұр дейді", - дейді Қабатов.
Ал Нұрбек есімді жігіт Әдемі Аманғали тест тапсыратын компьютердің пернетақтасының астына жалған құжат қойып кеткенін айтады. Оның сөзінше, сол жерде өзі де түске дейін ҰБТ тапсырып шыққан.
Сондай-ақ әзілкеш қазір сот ісі жүріп жатқанынан хабары бар екенін айтты. Бірақ бұған дейін әйелі мен қызы іске "репетитор кінәлі" деген соң ден қоймаған. "Енді мынаны естігенде жер айналып басыма түскендей болып отырмын" дейді Қабатов.
"Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды": полиция түсініктеме берді
Айта кететіні, желіде Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды деген ақпарат тарады. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті оқиға 13 маусым күні болғанын айтты. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ-ға жалған құжатпен қатысқан түлектерді анықтаған.
"Тергеу кезінде жалған жеке куәлік жасаған 22 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция департаменті.
Осы ақпаратты жариялаған заңгер Абзал Құспанның айтуынша, ҰБТ-ны Әдемі Аманғали үшін университеттің 2-курсында грантта оқитын студент тапсырған.