АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті спорт түрлерінің тізімін бекітті.
Комитет сайтындағы ақпаратқа сәйкес каратэ, бейсбол және софтбол тізімнен шығарылды.
Олардың орнына Олимпиада ойындарында брейк-данс, спорттық құзға шығу, скейтбординг пен серфинг пайда болады. Ұйымдастыру комитеті бағдарлама нақты екенін, тізім өзгермейтінін мәлімдеді.
Бұл тізімдегі брейк-данстан басқа үш спорт түрі Токиода өткен Олимпиада бағдарламасында болды. Оны Халықаралық Олимпиада комитеті енгізген.
Ал Дүниежүзілік каратэ федерациясының өкілдері бұл спорттың Токио ойындарында жақсы нәтиже бергенін, болашақта да ойындар тізімінде қалуға лайық екенін мәлімдеді.
"Біз бүкіл әлемге каратэнің ерекше спорт екенін көрсеттік. Сондай-ақ Олимпиада бағдарламасына тұрақты енуге лайық спорт түрі екенін дәлелдедік. Әлем бойынша спорт жанкүйерлері каратэнің Олимпиада ойындарына қосқан құндылығын тамашалай алды", - деді WKF президенті Антонио Эспинос.
Каратэні ойындар тізімінен алып тастау шешіміне 67 келіге дейінгі санатта жеңіске жеткен Стивен Да Коста қарсы шықты. Ол осы уақытқа дейін көп жаттыққанын, Парижде өтетін ойындарда да бақ сынағысы келетінін жазды.
Айта кетері, каратэ алғаш рет Токиода өткен 2020 жылдың Олимпиада бағдарламасына енгізілді. Қазақстандық каратэші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева екі қола медаль алды.