НҰР -СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
"Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. Ауған Ислам Республикасындағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда", - деп жазды президент Twitter-дегі аккаунтында.
Еске сала кетейік, сенбіде сыртқы істер министрлігі Қазақстан елшісі Кабулда жұмысын жалғастырып жатқанын хабарлады. Қазір онда аз ғана қызметкер қалды. Қызметкерлердің біразы Ауғанстаннан шығарылды.
Тәлібтер Ауғанстанды басып алып жатыр
Жексенбі күні Ауғанстан билігінің Жалалбадты тәлібтерге ұрыссыз бергені белгілі болды. Бұл биліктің бақылауындағы соңғы қалалардың бірі еді.
Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ-тың барлау қызметіндегі дереккөзге сілтеме жасай отырып, тәлібтер Кабулды бір айдың ішінде құрсаулап, басып алуы мүмкін деген ақпарат таратты.
Бүгін Талибан қозғалысының содырлары Кабулға шабуылды бастады.
РИА Новости дереккөзінің хабарлауынша, тәлібтер ел астанасының батысындағы Кабул университетін бақылауға алған, сонымен қатар аудандардың бірінде өз туын тіккен.
Қабуыл қаласы – үкімет күштерінің қарамағындағы соңғы ірі елді мекен. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, "Талибан" басшылығы билікпен қалаға бейбіт түрде кіру мүмкіндігі туралы келіссөз жүргізіп жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, содырлар Өзбекстанмен шекарадағы Балх провинциясының орталығы Мазари-Шарифті басып алды. Олар сондай-ақ барлық шекара бекеттеріне әмірін жүргізіп отыр.