Өмірбаяндар

"Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті

Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауиннің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Мағауиннің өмірбаяны

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы Семей облысының Шұбартау ауданы Баршатас ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Абақ Керей тайпасының Жастабан руынан шыққан.

Мағауиннің әкесі мұғалім болған, сондықтан бала Мұхтар тарихты ерте тани бастаған.

1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантураны тәмамдады.

1986 жылы қаламгер оқырмандарымен кездесуінде "жазушы болмасаңыз, кім болар едіңіз?" деген сұраққа былай деп жауап берген еді:

"Менің ойымша, адам өзінің қалауымен жазушы болмайды. Әрине, адам өзінің қалауынсыз, өз еркінен тыс әрекет жасай алмайды. Әйткенмен де,  жалпы өнер саласында адамның бойында бір бейімділік болуы керек. Сол бейімділік ақыр аяғында жазушылыққа, суретшілдікке, композиторлыққа  жетелеп апаруға тиіс. Әйткенмен де, мен егер жазушы болмасам, тарихшы болған болар едім деп ойлаймын".  

Еңбек жолы

Жазушы еңбек жолын 1965 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі болып бастады.

1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.

Тағы оқыңыз: Балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаев туралы не білеміз?

1983-1984 жылдары еркін шығармашылық қызметте, 1984-1986 жылдары "Жазушы" баспасының бас редакторы болды.

1988 жылдан бастап "Жұлдыз" журналының бас редакторлығына келді.

Шығармашылығы

Көрнекті жазушының "Кешқұрым" атты алғашқы әңгімесі 1964 жылы «"Жұлдыз" журналында басылды.

Содан кейін "Ақша қар", "Бір атаның балалары", "Қияндағы қыстау", "Көк кептер" повестері мен әңгіме жинақтарын, "Көк мұнар", "Шақан шері" романдарын, "Аласапыран" роман-дилогиясын, "Қобыз сарыны" атты монографияны, "Ғасырлар бедері", "Қазақ тарихының әліппесі" ғылыми-зерттеу еңбектерін, "Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет" оқулықтарын, хрестоматия және басқа да оқу құралдарын жазды. "Алдаспан", "Бес ғасыр жырлайды", "Ай заман-ай, заман-ай" ақын-жырау шығармалары жинақталған антологияны да Мағауин құрастырған.

2002 жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармасы әлемнің бірнеше тіліне аударылды.

1984 жылы біртуар тұлғаға "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді.

1996 жылы Мұхтар Мағауин Қазақстанның халық жазушысы атанды.

"Шыңғыс хан"

Мұхтар Мағауин "Шыңғыс хан" деректі тарихи хикаясын жазуға аттай жеті жылын арнады.

Тарихи роман төрт кітаптан тұрады. Атақшы жазушы шығармада өткен XII-XIII ғасырлар көлеміндегі Орталық Азия болмысын кеңінен қамтыған.

"Совет заманында Шыңғыс ханға қалам тарту мүмкін болмады, мен алғаш Шыңғыс хан тақырыбына "Көк мұнар" романында бардым. Бас кейіпкер Едіге дағдарысқа түсіп жол таба алмайды, содан ескі әдебиетті зерттей жүріп Алтын Орданың құлау дәуірі туралы роман жазады. Білген адамның танып алуы оңай, онда ежелгі түрік жұртының қалай күшейгені, бүкіл дүниені жаулағаны, ақырында үлкен Орда құрғаны, ол мемлекеттің іргесі түбінде берік болмай шыққаны туралы айтылады. Бұл Алтын Орданы жоқтау, Шыңғыс ханды жоқтау болатын. Сөйтіп, отыз жасымда Шыңғыс ханға ойқастап бардым", - деген еді Мағауин бір сұхбатында.

Қазақстан тәуелсіздік алып, цензура жойылғаннан кейін қаламгерге Шыңғыс хан жайлы тарихи роман жазу туралы ой келеді. Сөйтіп жазушы 2008 жылы "Шыңғыс ханға" кіріседі.

Тарихи хикаяның бірінші томын жазуға екі жарым жыл уақыт кетсе, қалған кітаптар бір жылдан жазылған. Төртінші кітап 2015 жылы қараша айының соңында аяқталады.

Тағы оқыңыз: "Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі

Мағауиннің айтуынша, Шыңғыс хан түрік тайпасының қият руынан шыққан.

"Қияттар уақыт оза келе қарасыны молығып, жеке-жеке атаға бөлінеді, әйткенмен, қият түбірін сақтайды: қият-жұрқын, қият-шаншығұт, қият-жасар, қият-қоралас, қият-бөржіген. Шыңғыс хан қият-бөржіген ұрқына жатады. Бөржіген сөзінің мағынасы – "бөрі нәсілі, бөрі текті ханзада", таратып айтсақ, "бөрі" және "тегін" атауынан туындаған: бөрітегін немесе бөржіген...Қият-бөржіген (бөржегін, бөржігіт) яғни Шыңғыс хан әулеті "төре" атанды, Алтын Ордаға жалғас Қазақ Ордасының барлық ханы – Жәнібек пен Керейден бастап, Кенесарыға дейінгі аралықтағы, Алаш жұртының аруағын көтерген ұлы тұлғалар түгелімен осы тұқымнан. Ел қорғаған, қол бастаған атақты батыр сұлтандар өз алдына бір төбе. Беріге келсек, ХІХ ғасырдағы ұлы ғалым Шоқан, күйші Дәулеткерей, әнші Мұхит, ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлттық көсем Әлихан Бөкейхан, күні кешегі, қазақ тарихы үшін жапа шеккен Сәнжар Аспандияров пен Ермұхан Бекмаханов, бүгінгі белгілі архитектор Шота Уәлихановқа дейінгі қаншама ірілер түгелдей осы қият-бөржігіт әулетінен тарайды", - дейді қаламгер.

Мағауиннің қазақ пен билік жайлы ойы

"Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ. Қазақтық сана атымен жоқ. Бұлар отырған орындарын тек жем жейтін астау деп қарайды. Содан соң қазақпен санасып қайтсін?! Біздің билік орыстан, шешеннен, ұйғырдан, күрдтен қорқады, тек қазақтан ғана қорықпайды. Қазақтың арқасында министр, президент болып отырғанын ойламайды да.

Екіншіден, неге әу бастан Қазақстанда оппозиция әлсіз болды? Өйткені мемлекет қазақтікі болғанымен, қазақтар 40-ақ пайыз еді, ал орыстілді басылымдар қазақты күн сайын жерге тығып жатты, тіпті мемлекеттен қаржы алып отырған, тіркеуде тұрған "Казахстанская правда" қазақты жамандай бастады. Осы кезде біз де билікті жамандай бастасақ, мемлекеттің іргесі шайқалар еді. Бірақ, оны билік ұққан жоқ, қазақтың қорқақтығы, ездігі, нашарлығы деп білді.

Содан артынан оппозиция шықты, бірақ олар ұлттық мүддені емес, өздерінің атағы мен дабырасын ғана ойлады. Сөйтіп жүргенде уақыт өтіп кетті. Алдыңғы үлкен кісілеріміздің біразы о дүниеге кетіп қалды, кейінгі қалған біздер шаршадық, ал жастарда қауқар жоқ, сөйтіп билік қазақты басынып, ойына келгенін істеп отыр. Бірақ  мұның ақыры жақсы болмайды".

"Қазақ бір замандары кеудесі ең жоғары халық еді, қазір басылып қалған. Жетпіс жылдық Совет өз алдына, қазіргі өкіметіміз де төбеден тынымсыз ұрып отыр. Әлденендей ұлтаралық жанжал шықса, міндетті түрде қазақ кінәлі болады. Қазақты өте төмен дәрежеге түсіріп, бәріне құл қылып қойды. Бірақ ақыр түбі дүние оңалып, орнына келетін шығар деп ойлаймын. Мен бұл тақырыпта бірталай жаздым, алайда түгелін қамтып бітіре алмайсың, екіншіден, жазғаныңнан ешқандай нәтиже жоқ. Бірақ Абай атам айтқан ғой: "Әйтеуір кейінгілер айтпады демесін деп аз ғана сөз шығардық", – деп".

Мұхтар Мағауиннің "Аңыз адам" журналына берген сұхбатынан алынды.

Жазушы Қазақстаннан неге кетті

Мұхтар Мағауин 2007 жылы Чехияға қоныс аударды. Қаламгер қазір Америка Құрама Штаттарында тұрады.

Ол өз отанын тастап, шет ел асуының себебін былай түсіндірген еді:

"Қазақта "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген сөз бар. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мысалы сондай өтіріктің бірі "Жұлдыз" журналының 2006 жылғы 9 нөмірінде "Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды" деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе, журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрінің жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа керексің, содан кейін сыртқа кетуге тура келді...Менің үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы да жоқ".

"Мен өзім кеттім, бірақ соның алдында бес жыл бойы маған қарсы науқан жүрді. Осындайды халық ұмытып қалады екен. Айтылмаған сөз жоқ, бір күнде 5-6 газетке шыққан жағдай болды. Маған ол әсер еткен жоқ, маған әсер еткені қазақтың бір зиялы азаматы: "мынау бәленбай деген жазушымыз еді, неге осыған жала жабылып, қудаланып жатыр?" деп ара түсуге жараған жоқ. Содан соң балама кеттім..."

Прагаға ұлының үйіне көшіп барғаннан кейін жазушы бір аптадан соң шағын әңгіме жазған. Кейін он сегіз күннің ішінде "Жармақ" деген романын аяқтайды. Содан кейін әйгілі "Шыңғыс хан" тарихи хикаясын бастайды.

Мұхтар Мағауин Чехия астанасы Прагада алты жылдай тұрған. Одан кейін Карловы Вары қаласына қоныс аударған. Үш жылдан соң баласы Америкаға жұмыс бабымен кетіп, жазушы да отбасымен сонда барған.

"Чехияда тұрдық, олар – момын халық, азиаттарды жақсы көрмейтін әдеттері де бар. Чехияда түрің білініп, ерекшеленіп тұратынбыз, ал Америкада қарала, торала, құбақандардың ортасына кіріп кетесің және сенің нәсіл-тегіңе ешкім де назар аудармайды", - дейді қазақ әдебиетiнiң классигi.

Мағауиннің отбасы

Мұхтар Мағауин жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, бес-алты шөбере сүйді.

"Мен ұлдың баласы, қыздың баласы деп бөлмеймін, бәрін бірдей көремін. Жойыт, яғни еврей деген ақылды халық тұқымын қыздан санаған, оның екінші себебі, қыздың тұқымымен қосылып, еселеп көбейесің. Немерелердің алды жоғарғы мектепте оқып жатыр. Бірақ жалпы қазаққа ортақ қиындық менің балаларымның басында да болды. Балаларыма кейде жаным ашиды, тағы екі балам шетелде жүріп жатыр, Чехияда, Польшада, "қалай болады, не болады?" деп ойлаймын. Америкада еңбек еткен адам далада қалмайды екен, көлденең зорлық-зомбылық жоқ. Ал мына бізде көшеде бейсауат кетіп бара жатқан жеріңнен ұстап әкетуі мүмкін", - деген еді ол бір сұхбатында.

Тағы оқыңыз: Мұхтар Шаханов бүгін 78 жасқа толды: жазушы туралы қызықты деректер

Былтыр 2 ақпанда қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі 80 жасқа толды. Қаламгерді президент Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін арнап, жеделхат жолдады. Мемлекет басшысы Мағауиннің ұлтты ұйыстыру мен тәуелсіздікті нығайту жолындағы еселі еңбегі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін айтты.