НҰР -СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Бішкекте Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Рәпіл Жошыбаевпен кездесті, деп хабарлады Қырғыз Республикасы сыртқы істер министрлігінің сайты.
Қырғыз тарапы Қырғызстан азаматтары шекарадан емін-еркін өтіп, екі елдің аумағы арқылы тауар тасымалдай алуы үшін олардың Қазақстанға кіруіне шектеу шараларын мүмкіндігінше тезірек алып тастау қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Министр Қазақбаев коронавируспен күрес кезінде Қазақстан тарапы көрсеткен гуманитарлық көмекке ризашылығын білдірді.
Оқи отырыңыз: Қырғызстан Қазақстан жөнелткен гуманитарлық көмекті сатпақшы
Ал Рәпіл Жошыбаев Қазақстан бауырлас елге күздік бидайдың 1000 тонна жоғары өнімді тұқымын беруге ниетті екенін айтты.
Сұхбаттасушылар сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асыруға, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға назар аударды, келесі жылы қырғыз-қазақ қарым-қатынасы орнағанына 30 жыл толуын бірлесіп тойлау мәселелерін талқылады.