Қоғам

"Азаматтық ұстанымым!": Абаев қазақ тіліне қатысты шулы мәлімдемесін түсіндірді

Жер мен тіл тақырыбы арқылы қоғамдағы алауыздықты қолдан қоздырып, түрлі айла-шарғы арқылы біреуді сатқын, енді біреуді халық жауы жасау оңай, деді ол
Sputnik

АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қазақ тілін білмейтін дүкендегі сатушылар жайлы видео жариялаған блогерлер әрекетін "үңгірдегі ұлтшылдық" деп атаған болатын.

Сол шулы мәлімдемеден кейін ақын Маралтай Райымбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Дәурен Абаевты қоғам мемлекеттік идеологияға жауапты тұлға ретінде танитынын айтып, оған бірнеше сауал жолдады.

"Ел азаматтарының 20%-і ғана орыс. Өзіңіз айтқандай, ел азаматтарының 90%-і әлі де орысша білуі және балалардың 30%-і орысша оқуы масқара емес пе? Керісінше, бұл егемендік алғанымызға 30 жыл өтсе де, қазақ тілі мемлекеттік тіл деген мәртебелі тұғырына қона алмай отырғанының көрінісі емес пе?", - деді Райымбекұлы.

Сондай-ақ сұхбатта айтылған "пещерный национализм" деген тіркес кімге қарата айтылғанын сұрады. Үшінші сауалы ретінде дәл осындай қалыппен мемлекеттік тілдің жағдайын қалай, қайтіп және қашан дұрысталады деген сауал жолдады.

Араға бірнеше сағат салып Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында жауап жазды. Ол бүгінде басты капиталдық ақпарат екенін, ал ақпарат тіл білген адамның қолында екенін алға тартты.

"Қазақтар 2-3 тіл білсе оның несі айып? Халқымыз "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл" демеуші ме еді? Кешегі әл-Фараби 70-ке тарта тіл білсе, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін білгендіктен де адамзат руханиятының биігіне көтерілді емес пе? Елбасы екі тілде емін-еркін сөйлеген соң, халықты ұйыстырып, шекарамызды шегендеп, аумалы-төкпелі уақыттан аман-есен өткен жоқ па еді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының БҰҰ ресми алты тілінің төртеуін жетік меңгеруі талай келіссөздің ел пайдасына шешілуіне жол ашпай ма? Тіл – адам мен адамды байланыстыратын құрал", - деп жауап жазды Абаев ақын қойған алғашқы сұраққа.

Өзгелермен терезесі тең, ешкімге есесін жібермеуі үшін де қазақ баласы көп тіл білгені жөн деп есептеймін. Алайда орыс немесе ағылшын тілін білу қазақ тілін меңгеруге кедергі болмауға тиіс. Рухани байлығымыз бен ұлттық кодымыз да тілімізден көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, қазақты тану үшін тілін үйрену керек, деді ол.

Ол сондай-ақ бір кездері елімізде қазақ мектептерінің саны 10% ғана болған уақытты еске алып, қазір оның 70%-ке жеткенін, қазақ балабақшаларының саны да 6 мыңнан асқанын айтты.

"Пещерный националист" деген кім

Дәурен Абаев осы тұста қазақ тілін қандай әдіс арқылы үйретіп, қалай дамытамыз деген мәселе туындағанын айтып, неге кей белсендіні "пещерный националист" деп атағанын түсіндірді.

"Мен қазақ тілінің болашағына алаңдайтын адамның бәрін сыйлаймын. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын әр мұғалімді, репетиторды, балаларға арнап мемлекеттік тілде кітап шығарып, мультфильм, кино, сериал түсіріп жүрген әрбір авторды ерекше құрметтеймін. Алайда тіл сияқты нәзік әрі сезімтал мәселені байыппен емес, хайппен және лайкпен шешкісі келетіндерге қарсымын. Қоғамға жік салып, қақтығыс туғызуды көздейтіндер әрекетін құптамаймын. Бұл – менің азаматтық ұстанымым!", - деп жазды Абаев.

Ол дөрекілікке тап болған сол сатушы шулы оқиғадан кейін қазақ тілін оқуға кіріседі деп ойламайтынын, керісінше, қысымға қарсылық танытатынын айтты.

"Ана тілімізді дамыту ісінің көшбасында мәдениетіміз бен білім беру жүйемізді насихаттайтын "жұмсақ күш" болуға тиіс. Жер мен тіл – халқымыздың ең басты құндылығы. Бұларды қазақтың жаны мен бары деуге де болады. Алайда осы екі тақырып арқылы қоғамдағы алауыздықты қолдан қоздырып, түрлі айла-шарғы арқылы біреуді сатқын, енді біреуді халық жауы жасау оңай", - деді ол.

Ол қазақ тілі міндетті түрде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналады, берекелі тірліктің кілті – татулықта, деп түйіндеді.