Өңірлер

Алматыда ер адам "Шымбұлақ" жұмысшысына жұдырық жұмсады - видео

Зардап шеккен азамат арызданбағынымен, полициядағылар бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізілетінін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. "Шымбұлақ" курортына келген ер адамның өрескел қылығы видеоға түсіп қалды. Ол гондолды жол кабинасына кірер кезде басқа келушіні итеріп, артынша арқанды аспа жолдың қызметкеріне жұдырық жұмсады.

Видео алматылық Instagram-пабликтерде жарық көрді. Желі пайдаланушылары шу шығарған ер адамның дөрекі қылығын сынға алды.

Желіде зардап шеккен азаматтың арызданбағаны туралы айтылды. Бірақ Алматы полициясы департаменті басшысының орынасары Рүстем Әбдірахмановтың айтуынша, бұл факті сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіміне енгізілді.

"Кешенге келген ер адам гондолды жол кабинасына кірер кезде "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортының 1984 жылы туған қызметкерін кеуде тұсынан ұрғаны анықталды. Жауап алудан кейін зардап шеккен ер адам арыз жазудан бас тартты. Оның айтуынша бұл жағдай ұзаққа созылған жоқ және мәселе сол жерде екеуара шешілді", - деді ол.

Әбдірахмановтың айтуынша, бұл құқық бұзушылықтың жария қудалау және айыптау санатына жатады. Сондықтан зардап шеккен ер адамның шағымданбағанына қарамастан сотқа дейінгі тергеу басталды.