Экономика

Ұлттық банк теңге бағамына қатысты түсініктеме берді

Жаңа мутацияның таралуы мен эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы инвесторларды да тежеп тастады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова коронавирустың дельта-штамы әлемдік экономикаға, сондай-ақ, теңге бағамына қалай әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

"Шілде айында дельта-штамның таралу қарқыны және оның әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынына әсері туралы алаңдаушылық айтарлықтай күшейе түсті. Оңтүстік Шығыс Азияда, атап айтқанда, Индонезия, Филиппин мен Малайзияда, сондай-ақ, Австралия мен Ұлыбританияда Covid-19-дың жаңа жағдайлары анықталғаннан кейін жаңа шектеу шаралары енгізілді. Соның нәтижесінде Азияда іскерлік белсенділік қарқынының баяулай түсті", - дейді Молдабекова. 

Жаңа мутацияның таралуы мен эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы инвесторларды да тежеп тастады. Бұның бәрі алдымен дамушы нарықтарға теріс әсер етті. Дамушы елдердің валюталары әлсірей бастады. Ал АҚШ доллары нығая түсті.  

"Инвесторлардың дамушы нарықтарға қызығушылығының төмендеуі аясында ЕМ акциялары да қысымға ұшырады. Мәселен, шілде айының қорытындысы бойынша дамыған елдер акцияларының индексі 1,72%-ға өссе, MSCI дамушы елдері акцияларының индексі 7,04%-ға төмендеді", - деп атап көрсетті Молдабекова. 

Дельта-штамм негізгі тәуекел болып отыр

"Тамыздың басынан бастап дельта штамның таралуы мен мұнай бағасының төмендеуі аясында теңге бір доллар үшін 425,53 теңге деңгейіне дейін 0,3%-ға әлсіреді", - дейді банк төрағасының орынбасары. 

Оның айтуынша, коронавирустың дельта штамының таралуы негізгі тәуекел факторы болып табылады. Ол экономикалық өсу қарқыны бойынша болжамдарды қайта бағалауға әкелуі мүмкін. 

"Қазірдің өзінде біз коронавирустың "дельта толқыны" аясында қаржы нарықтарының түзетілуін байқап отырмыз. Бірінші кезекте, бұл дамушы нарықтарға қатысты. Биыл 27 шілдеде Халықаралық валюта қоры әлемдік ішкі жалпы өнімнің болжамын қайта қарап, оны 2021 жылы 6% деңгейінде сақтап қалды. Бірақ осы қайта қарау шеңберінде дамыған елдерде өсу 5,6%-ға дейін 0,5 п.т. артып, дамушы елдер бойынша болжам 6,3%-ға дейін 0,4 п.т. төмендеді", - деп атап көрсетті Молдабекова. 

Дельта штамының таралуы мұнай өндіру көлемінің өсуіне де кедергі жасап отыр. Жақында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені арттыруға шешім қабылдады. Ондай шара инвесторлар үшін теңгемен салынған активтердің тартымдылығын арттырады деген жоспар бар.