Спорт

Олимпиададағы сәтсіздік: үкіметте арнайы кеңес өтті

"Nur Otan" партиясының мамандандырылған спорт мектептері оқытушыларының жалақысы 2023 жылға дейін екі есе көбейетін болды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша бірнеше маңызы тапсырма берілді, деп хабарлады үкіметтің ресми сайты.

Президенттің тапсырмасы бойынша ең алдымен бұқаралық және балалар спортымен айналысу барынша қолжетімді болуға тиіс. Осыған байланысты биыл халықтың спортпен шұғылдану көрсеткішін кем дегенде 35 процентке жеткізу керек.

"Ол үшін әкімдіктерге мемлекеттік спорттық тапсырыс көлемін ұлғайту, қосымша балалар, жасөспірімдер клубтарын, балалар-жеткіншектер спорт клубтарын ашу, мектеп және студенттер спорт лигаларының жұмысын қайта бастау есебінен балаларға арналған тегін спорт секцияларын кеңейту тапсырылды", - делінген арнайы кеңестің ресми хабарламасында.

Сондай-ақ Қостанай, Атырау және Маңғыстау облыстарында спорт мектеп-интернаттарының құрылысын бастауға тапсырма берілді. Себебі осы өңірлерде ондай нысандар жоқ. Ал қалған аймақтар спорт объектілерінің материалдық-техникалық деңгейін көтеруге тиіс. Жыл соңына дейін әкімдіктер 43 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға міндетті. Бұдан бөлек, Work-out алаңдары мен басқа да шығынсыз спорт ғимараттарының желісін кеңейту керек.

Сосын спорт нысандарының толық жүктелуіне ерекше назар аудару қажет. Бұдан бөлек, тағы бірқатар маңызды тапсырма берілді. Олар:

  • "Nur Otan" партиясының мамандандырылған спорт мектептері оқытушыларының жалақысын 2023 жылға дейін екі есе арттыру, 2025 жылға дейін әрбір ауылдық округті спорт нұсқаушысымен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасында көрсетілген іс-шаралардың орындалуын ерекше бақылауға алу;
  • Үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, кәсіби спортшыларды, соның ішінде ұлттық құрама командаларын даярлау тәсілдерін қайта қарау;
  • Бұқаралық, кәсіби спорт үшін спорт мамандарының (спорт психологтары, биомеханиктер, биохимиктер, диетологтар және т. б.) тапшылығы мәселесін шешу бойынша арнайы бағдарлама әзірлеу;
  • Спортқа бағытталатын бюджеттік және бюджеттен тыс қаражаттың тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жүргізу;
  • 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі қабылданған кешенді жоспарды қайта қарау;
  • Мәдениет және спорт министрлігінің елде бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша өкілеттіктерін кеңейтетін заңнамалық түзетулерді қабылдау.

Кеңеске мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да қатысты. Ал спортқа жауапты әкімдік басшылары онлайн байланыс арқылы қосылды.