Терренкурге астана күніне орай жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстары Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылы басталған еді.
Терренкурдегі көпірлер жаңартылып, жаяу жүргіншіге арналған аумақ жабдықталды, сондай-ақ түрлі конструкциялар жөндеуден өтті.
Қала тұрғындарының қолайлығы үшін навигациялық бағаналар, орындықтар, спорт және балалар ойнайтын алаңдар, гүлзарлар қалпына келтірілді.
Әл-Фараби даңғылының астынан өтетін туннель қабырғасы да қоршалып, Сәтбаев көшесінен төмен орналасқан гидротехникалық нысан да абаттандырылды. Ал Оқушылар сарайының артында үлкен алаң салынды. Мұның барлығы ағашты қолдану арқылы жүзеге асырылды.
Сонымен қатар терренкурде 5 мыңға жуық бұта мен 150 ағаш отырғызылды. Олар Кіші Алматы өзенінің жағалауын нығайтып тұр. Қала тұрғындарының ұсынысы бойынша көлік тұрағының орнына спорт және балалар ойнайтын алаңдар салынып, дәретханалар тұрғызылды.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанның жанға жайлы демалыс орындары – фото
Терренкур – Кіші Алматы өзенінің бойындағы ұзындығы 4,5 километр болатын жаяу жүргіншіге арналған жол. Ол "Арман" кинотеатрының арт жағынан басталып, Достық даңғылы мен Оспанов көшесінің қиылысындағы суат жанында аяқталады. Терренкур 1974 жылы салынған. Оның ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1058 метрде, ең төменгісі 876 метрде орналасқан.
Терренкур сөзін француз тілінен аударғанда "жергілікті аумақ" және "емдеу курсы" деген ұғымдарды біріктіреді. Терренкур шипажайдағы емдеу курсының әдісі ретінде белгілі. Ол жаяу серуендеу және таулы аймақта түрлі бағдар бойынша биікке көтерілуді қарастырады.