Қоғам

Қазақстанның 5 қаласында вакцина паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды

Жалған паспортты 5-30 мың теңгеден сатып алған 37 азамат анықталды. Сотқа дейінгі тергеу басталды
Sputnik

АЛМАТЫ, 11 тамыз – Sputnik. Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар және Тараз қаласында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина паспортын сатумен айналысқан медицина қызметкерлері мен басқа азаматтар анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Олардың бұл әрекеті қаржы мониторингі агенттігінің жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде белгілі болды.

Полиция жалған вакцина паспортын сатып алған 200 адамды іздестіріп жатыр
Агенттіктің хабарлауынша, олар ақша табу мақсатында денсаулық сақтау органдары қойған міндеттер мен мораль нормаларына қарамастан азаматтарға жалған вакциналау жүргізген. Жалған паспортты 5 000-нан 30 000 теңгеге дейінгі бағада сатқан.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабында (жалған құжат жасау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазір жалған паспорт берілген 37 азамат анықталды. Сондай-ақ 12 адам, оның ішінде 8 медицина қызметкерінің жалған құжат жасағаны белгілі болды.

Басқа күдікті тұлғаларды анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.