Оқиға

Қостанай облысында бала 3,5 метр шұңқырға құлап кетті: оқиғаның мән-жайы

Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті оқиға қалай болғанын айтты. Қазір бала ауруханада жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 11 тамыз – Sputnik. Қостанай облысында 10 тамызда екі жасқа толмаған бала су ұңғымасына құлап кетті. Бала 12 метрлік ұңғыманың 3,5 метр тереңдігінде болды. Оның жағдайы туралы төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп жазды Alau.kz.

"Қазір бала облыстық балалар ауруханасында жатыр. Жарақат алмаған. Ол суық жерде ұзақ уақыт болған", - деді Қостанай облысы ТЖД өкілі Уәлихан Досанов.

Кешкі бес жарым шамасында құтқарушыларға Садчиковка ауылында баланың су ұңғымасына құлап кеткені туралы хабар түсті. Оқиға орнына келген соң құтқарушылар ұңғымаға параллель шұңқыр қазды. Сол уақытта бала әрі қарай құлап кетпеуі үшін арнайы ілмек жасап, баланың қолына бекітті.

Бірнеше сағатқа жалғасқан құтқару операциясы кезінде мамандар балаға дейін шұңқыр қазып, оны шығарып алды.

Кейіннен учаске иесі келеңсіз жағдай болған кезде ұңғымадан сорғыны шығарып, реттеп жатқаны анықталды. Бала сол жерде итпен бірге ойнап жүрген. Ит шұңқырдан секіріп өткен, бала оны байқамаған.

"Баланың аяғымен құлағаны жақсы болды. Басымен құласа, жарақат алып қалатын еді. Уақыт қалай жылжығанын білсеңіздер ғой. Өте қорқынышты болды. Бала аман қалуы үшін дұға жасадық", - деді баланы құтқаруға көмектескен ауыл әкімі Нұрлан Айтмағамбетов.

Баланы құтқару ш сағатқа созылды. Ауылдастары мен жедел-құтқару жасағы көмекке келді.