Қоғам

Цой вакцина алғаннан кейін індеттен көз жұмғандар туралы айтты

Коронавирустан қайтыс болғандардың 97,7 проценті – вакцина алмағандар, 2,3 проценті – екпе салдырған науқастар
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина алған адамдардың арасында коронавирустан қайтыс болу статистикасын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Коронавирусты күніне бірнеше мың адам жұқтырып жатыр – соңғы деректер
"Вакциналаудың тиімділігін бағалау кезінде ауруға шалдыққан адамдардың 99,9 проценті вакцина алмағаны анықталды. Ал екпе алғаннан кейін коронавирусты жұқтыру көрсеткіші небәрі 0,1 процентті құрап отыр. Осы орайда өлім-жітімге де тоқталған жөн. Қайтыс болғандардың 97,7 проценті – вакцина алмағандар, 2,3 проценті – екпе салдырған науқастар. Сосын вакцинадан кейін індетті жұқтырып қайтыс болғандардың ауыр созылмалы аурулары болды", - деді Цой үкімет отырысында.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін вакцинаның бірінші дозасын 5,9 миллион адам салдырды. Осылайша екпе алуға тиіс халықтың 59 проценті вакциналаудан өтті. Ал екінші дозаны 4,5 миллион адам (45,2 процент) алды.

"Вакцина салдырудан Маңғыстау облысы артта қалып келеді. Ол жақта халықтың 33,1 проценті ғана екпенің бірінші компонентін салдырды", - деп атап өтті Цой.