АЛМАТЫ, 11 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласы мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
"Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұлғаларын әшкереледі. Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 миллион теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деген күдікке ілінді", - делінген ақпаратта.
Шенеуніктер ұсталып, Шымкент қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Іс бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Атырау облысының әкімі бірінші орынбасарын отставкаға жіберуден бас тартты