Оқиға

Нұр-Сұлтанда жұмысшылардың жаппай төбелесі видеоға түсіп қалды

Елорданың құрылыс алаңындағы екі бригада сөзге келіспей қалып, арты бір-біріне жұдырық сілтеуге ұласқан
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз — Sputnik. Әлеуметтік желіде жұмысшылар төбелесінің видеосы пайда болды. Кадрдан оқиғаның құрылысы аяқталмаған ЛРТ жанында болғаны байқалады.

"Төртінші блок пен алтыншы блоктың адамдары қырылып жатыр. Қойыңдар, қой. Менттерді шақыр", - дейді видео авторы.

Видеода жұмысшылардың бір-біріне жұдырық жұмсап жатқаны анық көрінеді. Арасында оларды ажыратып жүргендер де бар.

Желі қолданушылары видеоны қызу талқыға салды. Олардың пікірінен "Вакцина алғандар мен алмағандар арасындағы жанжал", "ЛРТ неге салынып бітпей жатыр десек" деген сынды жазбаларды да кездестіруге болады.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті төбелеске қатысты түсініктеме берді.

"Анықталғандай, жұмысшылар арасындағы төбелес 6 тамызда Қалдаяқов көшесіндегі құрылыс алаңында болған. Бригадалар сөзге келіспей қалып, арты төбелеске ұласқан", - деді департаменттегілер.

Жанжалға қатысқан барлық жұмысшылар жауап алу үшін полицияға жеткізілді. Алайда төбелес болған күні 102 нөміріне ешбір хабарлама келіп түспеген.  Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Оқи отырыңыз: "Масқара, өлтіріп тастады!": Павлодар облысында түсірілген видеоның мән-жайы