Қоғам

ҚазМұнайГаз жемқорлық үшін сотталған Күлекеевті жұмысқа алған - компания түсініктемесі

2008 жылы Жақсылық Күлекеев сыбайлас жемқорлық үшін сотталған болатын. Араға 13 жыл салып ол "ҚазМұнайГаз" компаниясында сарапшылық жұмыстар атқарып жүр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. 2008 жылы жемқорлық үшін сотталған "Қазақстан темір жолы" компаниясының бұрынғы басшысы Жақсылық Күлекеев "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына уақытша жұмысқа келді.

Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға компанияның баспасөз қызметі растады.

"Күлекеев 2014 жылдың сәуір айынан бері "ҚМГ Инжиниринг" компаниясында сарапшы болып жұмыс істейді. Осы ұйым зерттеу жұмыстарын жасайды және ҚМГ компаниялар тобының қызметін өндірістік сүйемелдеу шараларын атқарады. Биыл тамыз айында Күлекеев Еңбек кодексінің 40-бабы бойынша "ҚМГ Инжиниринг"-тен "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына іссапармен жіберілді, - дейді компания мамандары.

Ұлттық компания ұсынған мәліметке сәйкес, белгілі бір мақсат-міндеттерді орындау мақсатында қызметкерді бір заңды тұлғадан екіншісіне іссапармен жіберуге рұқсат беріледі. Күлекеев жасыл энергетиканы дамыту мәселелерімен айналысады. Бұдан бөлек, басқа да стратегиялық құжаттарды әзірлейді.

Айта кетері, 2008 жылы Жақсылық Күлекеев 100 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған болатын. Қараша айында ол лауазымдық өкілеттілігін теріс пайдаланғаны үшін сотталды. Ал пара алу фактісі бойынша ақталды. Топ-менеджер үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ бір жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. 

2010 жылы қаңтар айында Жақсылық Күлекеев "ҚазМұнайГаз" компаниясының еншілес ұйымы - Қазақ мұнай және газ институтының басқарушы директоры қызметіне тағайындалды.

Күлекеев әр жылдары статистика агенттігінің төрағасы, экономика министрі, білім және ғылым министрі, сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды. 

Оқи отырыңыз: Кешірім сұрады: мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан жемқор басшылар кімдер?