Елорда тынысы

COVID-19: Нұр-Сұлтанда күніне 300-ге жуық адам ауруханаға түседі

Қазір 103 қызметі мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы мобильді бригадаларға салмақ түсіп отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Елорданың инфекциялық стационарларында 2 699 науқас жатыр, оның 243-і жансақтау бөлімінде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Өкінішке қарай, елордада коронавирустың таралуы бәсеңдеген жоқ. 11 тамыз бойынша инфекциялық стационарларда 2 699 науқас жатыр, осылайша жүктеме 69%-ті құрап отыр. Орташа есеппен тәулік ішінде 300-ге жуық адам ауруханаға жатқызылады", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, жансақтау бөлімінде 243 науқас жатыр, 55 адам жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында 12 мыңнан астам науқас коронавирустан ем қабылдап жатыр.

Мұратов қазір 103 қызметі мен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы мобильді бригадаларға салмақ түсіп отырғанын айтты.

Тек өткен тәулікте жедел жәрдем станциясына 3 348 қоңырау түскен, коронавирус бойынша қоңырау саны тәулігіне 396-ға жетті.

Мобильді бригадаларға күніне 2 мыңнан астам шақырту түседі. Қала әкімңнің тапсырмасымен мобильді бригадалар саны 300-ге дейін көбейтілді.

"Вирус агрессивті бола бастады, тек тыныс алу жүйесін зақымдамайды. Мутацияға ұшыраған вирусқа 25 жастан асқан азаматтар жиі шалдығуда. Ол асқазан-ішек жолын, жүйке жүйесін, буындарды зақымдайды. Пациенттер орташа немесе ауыр жағдайда түсіп жатыр. Олардың көбіне өкпеге оттегі беруді қамтамасыз ететін көмекші аппараттар қажет", - деді Мұратов.

Басқарма басшысы науқастардың көбі екпе алмағандар екенін атап өтті.