НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз — Sputnik. Қазақстандағы сақ дәуірі кезіне жататын алтын жәдігерлер қыркүйекте Ұлыбританияның Кембридж қаласындағы Фицуильяма музейінде көрсетіледі. "Ұлы дала алтындары" көрмесінде жақында Шығыс Қазақстан облысындағы сақ қабірлерінен табылған 300 алтын артефакт таныстырылады. Бұл туралы өңірлік әкімдік ВВС мен британдық таблоидтарға сілтеме жасап хабарлады.
"Бұл көрме көлемі жағынан Батыс Еуропамен теңдесетін елдің тарихын жақыннан тануға мүмкіндік береді", - деп жазды Times басылымы.
"Ұлы дала алтындары" көрмесі Шығыс Қазақстандағы үш қабір кешенінен табылған материалдарды қамтиды. Ол кембридждік музей "археологиялық сенсация" деп атаған жәдігерді әлем аренасында ұсынады", - деп жазды The Guardian басылымы.
Көрмеде 300-ден астам жәдігер ұсынылады. Олардың кейбірі мыңдаған ұсақ бөлшектен құралған. Берел, Шілікті және Елеке Сазы қабір кешендерінен барлығы 15 мыңнан астам алтын бұйым мен басқа да тарихи құнды жәдігер табылған.
Шамамен 2 700 жыл бұрын жерленген көне жауынгерлерге тиісті алтын артефакттер Ұлыбританияда көрермен назарына ұсынылатыны айтылған. Көрмеге келушілер сәндік алтын бұйымдар мен ат әбзелдерін тамашалай алады. Көрмеде мерген жасөспірімнің қабірін реконструкциялау басты элементке айналады. Зерттеушілер оны инвазивті емес технологиялардың көмегімен зерттейтін болады.
Шамамен 18 жасында мерт болған сақ жауынгерін кіші туысымен бірге жерлеген. Жартастың опырылуы қабір кешенін тонаушылардан қорғап, оны 2,5 мың жыл бойы бүтіндей қалыпта сақтап келген. Музейдегілер бұл Қазақстанда табылған сақтардың ешкімнің қолы тимеген екінші қабірі екенін айтты.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, көрмеде соңғы жылдары Қазақстанда ашылған маңызды археологиялық жаңалықты таныстыру мүмкіндігі туып отыр. Ол Елеке Сазында табылған артефактілердің бүтіндігі ғалымдарға сақтардың діні, тыныс-тіршілігі мен жерлеу рәсімдерінің жаңа қырын тануға көмектесті.
"Сақтар өз заманындағы озық технологиялық процестерді қолдану арқылы ерекше зергерлік бұйымдар дайындағаны белгілі болды. Олардың күрделі және айрықша діни, жерлеу және мемориалды ескерткіштер салғанын білдік", - деді Ахметов.
Сақ алтындары 28 қыркүйекте көпшілік назарына ұсынылады.