Денсаулық

Қазақстанға ДДҰ мойындаған вакцина жеткізілді

Сәуірдің соңында Қазақстан БАӘ-де Hayat-Vax сауда атауымен шығарылған Sinopharm компаниясы препаратының миллион дозасын сатып алған болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 тамыз – Sputnik. Қытайдан коронавирусқа қарсы Sinopharm вакцинасының бірінші партиясы Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Бейжің биологиялық өнімдер институты әзірлеген Covid-19-ға қарсы Sinopharm вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алды.

Қытай вакцинасының бірінші партиясы 1 миллион дозадан тұрады. Осылайша, Sinopharm вакцинасы жақын күндері Қазақстанда тіркелген бесінші вакцина болады.

Вакцинаны стикерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін жедел түрде өңірлерге жіберіледі.

"Sinopharm вакцинасының ерекшелігі – жеткізу процесі мұздатқышты қажет етпейді. Плюс 2...+8 градус температурада сақталады және тасымалданады", - делінген министрлік ақпаратында.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Sinopharm Қытай вакцинасын 2021 жылдың 7 мамырында қолдануға мақұлдады. Вакцина белсенді емес, екі дозалы. Сақтау мерзімі – 24 ай.

"Бұл ДДҰ қауіпсіз және тиімді деп таныған алғашқы қытай препараты, 45 елде ересектерге салуға рұқсат етілген. Қазір вакцина Қытайдан басқа БАӘ мен Сербияда өндіруге мақұлданды. Сонымен қатар Қытай мен БАӘ Қытайдың Sinopharm фармакологиялық компаниясының белсенді емес вакцинасын 3-17 жас аралығындағы балаларға салдыруды мақұлдады", - делінген ақпаратта.

Айта кетері, сәуірдің соңында Қазақстан БАӘ-де Hayat-Vax сауда атауымен шығарылған Sinopharm компаниясының Бейжің биологиялық өнімі институты препаратының миллион дозасын сатып алған болатын.